100%200%
БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ
АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ

Жаңалықтар

ИГІ БАСТАМА БАСҚАҒА ҮЛГІ

«Ағашты жердің ырысы мол, бауырмалдың тынысы мол»,- демекші, өткен бейсенбі күні орталық кітапханалар жүйесінің директоры Айгүл Жексенбаева бастаған аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкерлері кемеңгер тұлға Бұқар жырау Қалқаманұлының рухына тағзым етіп, мұражай ауласына шыршаның жас көшеттерін екті.

Ең алдымен баба кесенесіне барып, қол жайып, дұға бағыштаған ұжым қызметкерлері күрек, шелектерін алып жұмысты бастап кетті. А.Жексенбаева Бұқар жырау бабамызға арналған мұражай қорын 350 жылдық мерейтойды қорытындылаған кітап, сувенир, Елбасының құттықтау сөзімен толықтырып, Бұқар жырау мемориалды кешені меңгерушісінің міндетін атқарушы Әлихан Увалиевтің қолына табыстады.

Күлімсіреген күн әп-сәтте жоғалып, ақ жауын мен қара топырақ ұшырған долы желдің екпініне қарамай «Бәріміз бір туған бауырмыз» десіп, өзара шүйіркелесіп жасалған жұмыс  берекесін берді. Кемеңгер бабаның қасиеті қонған киелі топырақ өз күш-қуатын берді десіп жатты ұжым қызметкерлері. Мұражай ауласының тастылығына қарамай арнап әкелінген алты жас шырша көшеттері, гүлдер егілді. Бірі жер қазып, бірі су тасып жұмыла көтерген жүкті жеңіл еткен ұжым қызметкерлері осынау игі бастаманы сүйіспеншілікпен орындады.

- Орталықтандырылған кітапхана ұжымының өз жалақыларынан бөліп алып жинақтаған қаражатына алынған шырша көшеттері мен гүлдерді егіп, баба кесенесінің қызметкерлерінің қолына табыстадық. Ендігі қызмет бұл кісілердің қолында. Өз ұжымымен келісе жасалған осы игі бастама басқа ұйымдарға эстафета болсын,- дейді А.Жексенбаева.

Бабаның өмір жолы мен шығармашылығына арналған мұражай маңының көркі мен келбеті кемеңгер тұлғаның рухына тағзым етіп келушілерге сая болсын деп егілген жасыл желектер тамырын кеңге жайып, жайқалып өсіп жатса, нұр үстіне нұр емес пе?

- Біз шырша көшеттерін өзіміз арнайы барып сатып алдық. Мұражай тасты жерде орналасқандығын біліп, біздің ауа-райына төзімді деген шыршаларды таңдап алдық. Және шыршаны егуде ескерілетін ережелерге сай жұмыстарды атқардық. Баба аруағын ұлықтап, кемеңгерімізге арналған мұражай ауласы жасыл желекке айналып, жайқалып тұрса қандай керемет,- дейді орталықтандырылған кітапханашылар кәсіподағының төрайымы, аға кітапханашы Гүлайым Жұмкенова.

Берекелі, мерекелі атқарылған жұмыстан кейін өздерімен алып келген шәй-дәмдерімен дастарханды жайнатып, баба аруағына дұға бағыштаған ұжым қызметкерлері атқарылған игі бастаманы басқа ұйымдар жалғап әкетсе деген тілектерін білдіріп жатты. Кесене, мұражай маңайларының тазалығын қарап шыққан А.Жексенбаева Ә.Увалиевке мұражайдың қоршауларының артындағы тұрмыстық қалдықтарды тазалауды тапсырды.

Бір өкінішпен айтарымыз, кентімізде бірнеше жылдың көлемінде егілген тал шыбықтарының тең жартысы күтімнің жоқтығынан қурап қалды. Көрер көздің көркі болады деген талдарымыз көз алдымызда жоқ болды. Бірақ біз сонда да ағаш егеміз, тағы да күтім көрсетпейміз. «Үміт өлмейді» дегендей биылғы жылы сенбіліктерде егілер тал-шыбықтарымыз тамырын тереңге жайып, аптап ыстықтарда сая болады деп үміттенеміз.

Баба рухына арналған киелі топыраққа егілген жасыл желектер өз күтімін тауып, игі бастама жалғасын табады деген сенімдеміз.

Б.Жакешова

Д.Торжановтың суреттері

Комментарии (0):

Комменатриев нет.

Добавить комментарий

Вернуться к списку новостей

© 2015 Информационный портал аппарата акима Бухар-Жырауского района
Яндекс.Метрика
Разработка и поддержка сайта: Интернет компания «Creatida»