100%200%
БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ
АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ

Халыққа қызмет – абыройлы міндет

«Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің адамгершілігіне және моральдық - этикалық бейнесіне жоғары талаптар қояды. Қоғам мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш - жігерін, білімі мен тәжірибесін атқаратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны Қазақстан Республикасына адал қызмет етеді деп сенім білдіреді».
Мемлекеттік қызметшінің ар-намысы Кодексінен
Әр адам өмірде таңдаған өз мамандығына әр түрлі жолмен келеді. Біреулер өзінің қалаулы ісіне, жүрегіне жақын мамандыққа, әйтпесе қызметке тікелей келмей, басқа саладағы істермен айналысып барып жол табады. Бүгінгі әңгіме арқауы – Керней селолық округінің бас маманы Жумкенова Ажар Қайырқызы жайлы болмақшы.  Ажар 1963 жылдың 18-ші наурызында Ақжар ауылында дүние есігін ашқан екен. 1980 жылы Керней орта мектебін үздік аяқтайды. Сәті түсіп Мичурин техникумының есепшісі бөлімін бітіріп, 1982 жылы Керней совхозына жұмысқа келеді. 1982 жылы осы совхозда есепші, 1993 жылы бас есепші болады. 1997 жылы 20 партсъезд совхозында бас есепшінің көмекшісі болып тағайындалады. 1998 жылы Алғабас ауылының бас есепшісі болып еңбек еткен.  2000 жылдан осы уақытқа дейін Керней селолық окаугінің бас маманы қызметін қалтқысыз атқарып келеді.
Ауылдың тыныс - тіршілігін бес саусақтай меңгерген. Елге етене жақын, ашық мінезді, ер көңілді, шешімді, тура айтқанды жақсы көреді. Ер - азаматтармен қатар иық тіресе еңбек етіп, ауыл құрметіне бөленіп жүрген осы Ажар апамыз.
Мемлекеттік басқарудың жергілікті органы – селолық округтерде негізінен ер азаматтардың қолында десе де, солардың қатарында басшылық пен азаматтық жолын тең ұстап жүрген Ажар Қайырқызы аудандық, облыстық басшылардан алған алғыс хат, мақтау, марапаттау қағаздары баршылық. Бас мамандық қызметте бола жүріп, Ажар апамыз қарапайым қалыптан бір тайған емес. Кеңседе өзін күткен ауылдастарының бұйымтайына құлақ түріп, әрқайсысының келген шаруасын тындырып, ауылдағы іргелі істің басы – қасынан табылады. Пенде болғасын достары сүйсініп, дұшпаны күйінер кездері де болмай қалмайды.  Кейде ренжіп те жатады. Алайда, жауапты міндет ұсақтыққа жібермейді.
Ауылдастар ықыласы, ниеті түзу екен. Әдетте, басшыға сын көп қой. Өзіңіз жайлы ел не дейді деп ойлайсыз? – деп сауал қойдым.
– Иә, елдің өзіме деген ықыласын көргенде қуанамын да, ойланамын да. Көптің алдындағы парызымызды ақтай алып жүрмін бе,  әлде борышымды дұрыс атқармадым ба деп өзіме жиі сауал қоятыным бар. Жалпы көпшілік үшін шешімін күткен мәселелерді таразыға салып салмақтайтын істер де баршылық. Мен өзім елмен араласта бірбеткейлікті, екі сөйлемеуді, сөзден гөрі іспен шешімге келуді ұнатамын. Содан да болар, ел де менің бастамаларыма қосшы бола кетеді. Сын болмай мін түзелмейді. Кейде ауылдастарым көңілдегілерін тура айтып та жатады. Дұрыс сынды жеңіл қабылдаймын. Керней ауылының әл – ауқаты, елдің тұрмысы түзелген қазіргі шақта да ауыл басшыларына жүктелер міндет көп, жауапкершілік басым. Ауылымыздағы мектеп, дәрігерлік пунктті, емхана, клуб, кітапхана үйлері бүгінгі күн талабына сай жабдықтап, ескіні жүргізу бұл да өнер.
Біреумен тең дәрежеде пікірлесу, енді біреуге үлкендік ақыл айту, үлкеннің ұсынысын тыңдау, апалық - қарындастық жолдармен елмен тіл табысуда оның шеберлігі ерекше, – деп әңгімесін аяқтады Ажар Қайырқызы.
Ақын апамыз Фариза:
Ажары ашық нұрдан жаратылған,
Жарқылдап жақсылыққа ара тұрған.
Маңдайда жұлдызындай, құндызындай,
Қыздары-ай қазағымның дара туған,
–  деп дәл Ажар сынды қоғамда да, үйде де ерекше болмысымен, кісілігімен, мәрттігі, қадір - қасиеті артқан жандар туралы жырласа керек.
А.Қабирахманова

 


Ақпаратты орналастыру уақыты: 23 Қазан 2018 13:37
Ақпараттың соңғы өзгерісі: 23 Қазан 2015 13:37
© 2015 Информационный портал аппарата акима Бухар-Жырауского района
Яндекс.Метрика
Разработка и поддержка сайта: Интернет компания «Creatida»