100%200%
БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ
АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ

Шығармашылық байқау

Шығармашылық байқау
Әрбір жанда талант бар
15 қарашадан басталған жаңа бастама Бұқар жырау ауданының мекеме ұжымдарына жаңа серпін беріп, күнделікті жұмыстарын бір сәтке ысыра тұрып, өздерін кәдімгі сахнаның һас шеберлеріндей сезініп, киелі сахнада өнерлерін ортаға салатын сайыспен өрнектелді.  
Бұл жолы да «өнер дегенде, ішкен асын жерге қоятын» өнерсүйер қауым мен жанкүйерлер қауымының ішінде аудан басшысы Нүркен Кобжанов, аудандық мәслихаттың хатшысы Айтжан Жүніспеков те болды.
Артында өлмейтіндей сөз қалдырған Бұқар бабаның 345 жылдығы болса, осы бабаның есімін иеленіп тұрған ауданымыздың 75 жылдық мерейтойына орай жыл бойы түрлі тағылымды шаралар ұйымдастырылып келе жатса, бүгінгі мекеме, ұйымдар арасында болып жатқан конкурс та солардың жарасымды жалғасы іспетті.
Үй мен жұмыстың арасындағы таптаурын жолмен жүріп, өзінің бойындағы бар өнерін сөндіріп, сөндірмесе де әлсіретіп алған, не болмаса өнерін сыртқа шығара алмай жүрген жандар үшін де, мекемелердің арасындағы намыс үшін де бұл шара ерекше маңыздылыққа ие.
Сахнада өнер көрсеткен мекеме қызметкерлері арасында шынымен таланттардың барлығы байқалады. Кейбір жандар өздерін кәсіби өнерпаздардан да артық  көрсеткен тұстар  да кездесіп жатты.
Аудандық Зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығы, қазынашылық бөлімі мен «Халық банкінің» аудандық филиалы қызметкерлері «Ботақара – ием, Бұқар жырау - кием» атты сахналық көріністен бастап, Ерболат Әміров «Адай» күйін, қыздардан құралған бишілердің әсем биі, Гүлнұр Сүлейменованың орындауындағы «Балапан қаз» және т.б. әндері және де хордың орындауындағы «Ботақара вальсі» әні  көрермендер жүрегін баурап алды.  
Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, құрылыс бөлімі, сәулет және қала құрылысы бөлімі, тұрғын үй инспекциясы бөлімінің дайындаған бағдарламасында Бекзат Сағидолданың  орындауындағы «Атам қазақ» әні мен «Қос күрең» күйі көпшіліктің көңілін бір көтеріп тастаса, «Кербез» бишілерінің билеген вальстері де өте әсерлі шықты.
Сонымен қатар жер қатынастары, ауыл шаруашылығы бөлімдері, фитосанитария орталығы, ветеринариялық инспекция мен станциясы, аумақтық инспекция, НПЦзем сынды мекемелердің шығармашылық концерті ерекше қошаметке ие болды.
Олар «Қазақстан -Қарағанды» телеарнасының журналистерімен «Ауыл тынысы» бағдарламасын түсіріп, соның ішіне ауылдың жағдайын толығымен сыйдырған екен. Ауыл шаруашылығы саласында қызмет жасап жүрген басшылар мен қызметкерлердің барлығы дерлік шеттерінен өнерлі екенін, қазақтың халық әндері мен қара домбырасының сырлы сазымен сусындап өскен жандар екендігін көресің.
Кенжебек Түсіпбеков «Саржайлау» күйі мен «Генадушка» әнін,  Райхан Мұқышев, Кенжебек Түсіпбеков, Ерлан Мәдениетовтен құралған «Беу, жігіттер-ай» триосы сырнай, гитара домбыраның үнін бір арнаға тоғыстырып, Шәмші әндерінен попурри орындаса, «Сарыарқа» домбырашылар тобының күй тартысы да өте шебер, тартымды болып, жиналғандардың ерекше ыстық қошеметіне бөленді.
Осы саланың өнерлі жігіттері мен қыздары қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдарының таланттарын даралай көрсетті.

Өнерлі жандардың әрі қарай да шыңдалып, өздерінің қызметтерімен қатар бойындағы Алла берген өнерлерін үлкен сахналардан көрсете берсе, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.


Ақпаратты орналастыру уақыты: 23 Қазан 2018 13:37
Ақпараттың соңғы өзгерісі: 23 Қазан 2015 13:37
© 2015 Информационный портал аппарата акима Бухар-Жырауского района
Яндекс.Метрика
Разработка и поддержка сайта: Интернет компания «Creatida»