100%200%
БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ
АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ

Болашақ иесі – жастар

 

Республикамыздың Тұңғыш Президенті күнінің қарсаңында аудандық тарихи-өлкетану музейінде аталмыш ұжым қызметкерлерінің күшімен «Ұлт көшбасшысы, ел көшбасшысы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Аталмыш шараға аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкері Анар Сәдуова, жастар орталығының қызметкері Әсем Ахметова, аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Самал Әбікеева, Мәдениет үйінің қызметкері Жанұзақ Мақышев қатысқан болатын.
Музей қызметкерлері – экспозициялар бойынша маман Анар Есмағамбетова, қор сақтаушы Айгүл Макеева, экскурсия жетекшісі Айымгүл Мамалинова шараға үлкен дайындық жұмыстарын жасапты. Алдын ала шақырылған қонақтар шараға уақытылы жетті.
Ең алдыңғы кезекте еліміз үшін күрделі кезеңде Нұрсұлтан Әбішұлының халықты армандаған арманына жеткізгені, бүгінде біздің еліміздің халықтар арасында беделі артқанын, Республикамыздың ірі аумақтық державаға айналғанына тоқталған жүргізушілер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолы жайында қонақтармен сұхбат құрды. Онан соң «Қазақстанның мемлекеттілік дәуірі» атты слайдтар көрсетілді.
Сұхбаттасу сәтінде жастар қазіргі таңдағы қоғамдағы өзекті мәселелерді ортаға салып, бірге шешімін табуға тырысты. Білімді адам түбінде қиындықтарды жеңіп шығып, асулардан асып, үлкен жетістіктерге жетеді деген ортақ қорытындыға келді.
Аудандық  тарихи-өлкетану музейінің директоры Орал Нәбиева да өз сөзінде мекеменің өткені мен бүгінгі таңдағы жетістіктеріне,мақсаттарына тоқталып, Елбасымыздың жастарға қамқорлық танытып жатқанына, шара қонағы Жанұзақ Мақышевтың, т. б. көптеген жас мамандардың  баспаналы болуына тікелей «Дипломмен - ауылға» бағдарламасының  көмегі болып жатқанын ерекше толғаныспен айтты.
Мұнан соң шараға қатысушылар «Біздің ел, біздің таңдау, біздің Елбасы» тақырыбында өздерінің жазған эсселерін оқып берді.
Әрбір шығарма өзінің тартымдылығымен, мағыналығымен ерекше болды. Әрбір жас өзінің жүрегінен шыққан ой орамдарын ақ қағаз бетіне тізбектеп, Елбасымыздың атқарған ісіне баға беріп, елімізді  бұрын соңды танымаған мемлекеттердің бүгінгі таңда қазақтың кім екенін, қандай екенін білетініне тоқталыпты. Расында да, елімізде адамдардың Ата Заң аясында қорғалуы қамтамасыз етілген, олардың  жемісті еңбек етуіне, ұрақ өрбітуіне,  ертеңі үшін алаңдамауына болады. Себебі, аспанымыз ашық, еліміз тыныш. Экономикамыз алға жылжып, даму үстінде. Адам баласына бұдан артық не керек?!
С.Әбікеева «Біздің Президент біздің ұлтты жан-тәнімен сүйеді. Біз Қазақстанның болашағымыз, біздің барлығымыз – ортақ күшпіз,  біз биіктерді бағындырамыз. Біз Нұрсұлтан Әбішұлындай мықты саясаткермен көп жолдардан өтеміз» -деп қорытады өзінің ойын.
Жастар – еліміздің ертеңі. Олардың алдында алынбайтын асулар мен қамалдар жоқ. Тек оларды бағындыру үшін жастардың сауатты, білімді болуы керек. Оларға білім алу үшін сан салалы оқу орындары бар. Өзінің бейіміне қарай әрбір адам мамандық таңдап, қоғамнан өз орнын табуға күшін салса, одан еліміз ұтпаса, еш ұтылмайды.Алыстан көз тартып, жайнаған қалалар,  мектептер, ауруханалар, кітапханалар, түтіндері көкке шалқып жатқан өндіріс орындары – бәрі де жастардың  жалынын, күші мен білімін қажет етеді.
Осы күнгі шараға жиналған жастардың білімді, өз ойын бүкпесіз, ашық айтатындығы, үлкен мақсаттарға ұмтылған талаптылығы – бәрі де қосыла келіп, еліміздің болашағы сенімді , жалынды адамдардың қолында екендігін тағы бір дәлелдегендей болды.
Қ. Ахметова


Ақпаратты орналастыру уақыты: 23 Қазан 2018 13:37
Ақпараттың соңғы өзгерісі: 23 Қазан 2015 13:37
© 2015 Информационный портал аппарата акима Бухар-Жырауского района
Яндекс.Метрика
Разработка и поддержка сайта: Интернет компания «Creatida»